Шымкентте құрылыс сапасы артып, қоғамдық бақылау күшейді. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жыл басынан бері жүздеген заңсыз нысанды анықтап, айыппұл салған. Ал құқық қорғау органдары мен қоғамдық кеңес мүшелері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші төмендеген. Бұл туралы қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында айтылды.


 Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында құрылыс нысандарының сапасы, қылмыстың алдын алу шаралары және маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстары қаралды. Полиция ұсынған статистика қылмыстың алдын алу шараларының оң нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Алайда алып мегаполисте құқық бұзушылықтың алдын алып, қылмысты түбегейлі азайту үшін 600-ден астам қызметкер жеткіліксіз. Департамент өкілі қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстау үшін құқық қорғаушылар санын айтарлықтай арттыру қажет екенін айтты.


ҰЛЫҚБЕК МЫЛТЫҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ
Штат жетіспеушілігіне қарамастан, полиция қызметкерлері өздерінің тікелей қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндетімен қатар, ойын-сауық орындарын да күзетуге, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кезекшілік жасауға мәжбүр. Шымкент қаласының әкімшілік аумағы 1162,8 шаршы шақырымды құрайды. Ал патрульдік полиция полкінің штат саны – 645. Қосымша 1265 қызметкер қажет. Қала әкімінің атына 100 патрульдік полиция және 50 учаскелік полиция инспекторын бөлу туралы хат жолданды.


 Кеңес отырысында құрылыс жұмыстарын мемлекеттік қабылдаудан өткізу, сметалық құжаттарға сәйкестігін тексеру және мердігерлердің жұмыс сапасын бақылау мәселелері де қаралды. Биыл 62 нысанның құрылысы жүргізіліп, оған 118 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Оның қатарында білім, денсаулық, тұрғын үй және мәдениет нысандары бар. Сондай-ақ жиында ескі жатақханада тұрып жатқан отбасылардың мәселесі тыңдалды.


 НҰРБОЛ ТӨРЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Бұл жатақхана қала әкімінің жеке бақылауында. Біздің мамандар тұрғындармен сөйлесті. Олар өз есебінен тәуелсіз сараптама жасатқан. Негізгі ұсыныстары – ғимаратты жаңарту. Алайда ол модернизацияға жатпайды. Қазіргі таңда олардың сараптама қорытындылары қаралды. Біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне және ГАСК-ке хат жолдадық. Егер оң қорытынды келсе, нысан реновация бағдарламасына енгізіледі. Демеуші табылып, ғимарат қайта салынады.


 Айта өтейік, кеңес отырысында ауыл шаруашылығы басқармасының есебі де тыңдалды. Басқарма өкілі жыл басынан бері өнім көлемі 18,7 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. Саланы одан әрі дамыту, мал шаруашылығы мен дәнді дақылдар көлемін арттыру арқылы бұл көрсеткішті 59 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.