Жастардың қаржылық білімін арттыру – уақыт талабы. Қаржы нарығын реттеу және дамыту  агенттігі «Қаржылық қауіпсіздік – жастардың таңдауы» атты форум өткізді. Жиында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелері көтерілді.


Қаржылық білімді арттыруға арналған форумда студенттер фишинг, дропперлік, интернет-алаяқтық, несие тұзағына түсіп қалмау жолдары мен жеке қаржыны тиімді басқару туралы маңызды мәліметтер алды. Сарапшылар нақты мысалдар келтіріп, қаржылық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі тәсілдерін түсіндірді.


ҒӘДІЛБЕК ӘКІМ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып fingramota.kz жобасы аясында өткізіп жатырмыз. Бұл шараны еліміздің басқа қалаларында да өткізу жоспарда бар. Ең алдымен Шымкенттен бастап отырмыз.


Форумға университеттің студенттері, профессор-оқытушылар құрамы және қаржы саласының мамандары қатысты. Сонымен қатар қатысушылар fingramota.kz платформасы ұсынатын мүмкіндіктермен танысты.


АРТЫҚ НҰРАЛИЕВА, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ХАТШЫСЫ
Бұл мәселе өте өзекті. Халықты қаржылық сауаттандыруымыз қажет. Әсіресе студент жастарды. Өйткені болашақ сол жастардың қолында. Бүгін студенттеімізді шараға кеңінен қатыстырып жатырмыз. Форумның өз деңгейінде өтуіне атсалысудамыз.


Форум қарсаңында студенттер арасында қаржылық сауаттылық тақырыбында бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды. Қатысушылар өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде жариялап, қаржылық қауіпсіздік тақырыбын кеңінен насихаттады.