Шымкентте жол қауіпсіздігін күшейту үшін жасанды интеллект жүйелері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Цифрлық технологиялар арқылы құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтау жұмыстары қолға алынған.


Қалада іске қосылған «Жаяу жүргіншілер өткелі» жобасы жол ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркейді. Жүйе көліктің мемлекеттік нөмірін, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен орынды бірден дерекқорға енгізеді. Megacam.Argus жүйесінің мәліметінше, Байтерекова көшесіндегі «Hyundai Center» маңында 9 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған. Ал Рысқұлов көшесі, «Самал» базары маңында 25 мыңнан аса дерек тіркелген. Мамандардың айтуынша, бұл аумақтарда жол-көлік оқиғасынан болатын өлім-жітім фактілері тіркелмеген. Сонымен қатар «Ақылды жаяу жүргінші» жобасы да нәтижесін көрсетіп отыр. Жібек жолы және Тәуке хан көшелерінде бірнеше күннің ішінде жүздеген құқықбұзушылық анықталған. Мамандар мұндай жүйелер жүргізушілер мәдениетін қалыптастырып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді дейді.