35 748 әскери бөлімінің 200-ге жуық сарбазы «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында тактикалық дайындықтан өтті. Жас жауынгерлер шабуылды тойтару, атыс жүргізу және заңсыз қарулы топтарға қарсы әрекет ету бойынша практикалық тапсырмалар орындады.
Далалық жаттығу барысында сарбаздардың физикалық дайындығы мен жауынгерлік машығы шыңдалды. Полигонда әскери қызметшілер 40 тонналық шынжыр табанды техниканың астымен өту, тікенекті сымдардан жасалған кедергілерден еңбектеу және жер бауырлап қозғалу тәсілдерін меңгерді. Мамандардың айтуынша, мұндай жаттығулар жас сарбаздардың әскери техникаға деген сенімін арттырып, төзімділігін күшейтеді.
ӘЛІБЕК ҰЗАҚБАЕВ, 35 748 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ
Отан алдында қызмет атқару – әр ер азаматтың қасиетті парызы. Біз «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында алғашқы атыс жаттығуларынан өтіп, кедергілер жолағын еңсеріп, танкімен жаттығу жасап жатырмыз. Әрине, алғашқы кезде қорқыныш болды. Бірақ «көз қорқақ, қол батыр» демекші, уақыт өте келе бойымыздағы сенім күшейді. Қазір өзімді нағыз жауынгер ретінде сезініп жүрмін. Әскердегі қызмет мен үшін үлкен жауапкершілік әрі өмірлік тәжірибе.