Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келген азаматтар жер, коммуналдық сала, кәсіпкерлік және әлеуметтік мәселелерді көтерді.


 Қабылдау барысында тұрғындар жер телімін заңдастыру, нысаналы мақсатын өзгерту және инфрақұрылымға қатысты түйткілдерді жеткізді. Ал кәсіпкерлер консерв зауытын жаңғырту мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселесін қозғады. Сонымен қатар моноқалаларды дамытуға қатысты ұсыныстар айтылып, медицина саласына байланысты шағымдар да қаралды. Облыс әкімі әрбір мәселені мұқият тыңдап, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді. Айтуынша, тұрғындардың өтініштері бақылауда болады. Кейбір мәселелер қабылдау барысында шешімін тапты. Айта кетейік, облыс әкімдігі жеке қабылдау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Тұрғындар eOtinish платформасы немесе Азаматтарды қабылдау орталығы арқылы жазыла алады.