Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы жақын арада 30 миллиард доллардан асады. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Қазіргі таңда қазақстандық инвесторлардың Ресей экономикасына құйған қаржы көлемі 9 миллиард доллардан асты. Жалпы инвестиция көлемі 53 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталған. Бұл бағытта Шымкенттегі бірлескен кәсіпорындардың да үлесі артып келеді.
Шымкенттегі қазақ-ресейлік бірлескен «Marvik Partners» ЖШС фабрикасы былтыр желтоқсан айында іске қосылды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан жобаға 5 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған. Кәсіпорын жеңіл өнеркәсіпте, медицинада, құрылыс саласында және өзге де бағыттарда кеңінен қолданылатын спанбонд негізіндегі тоқыма емес материалдар өндіреді. Бұл – еліміздегі баламасы жоқ өндіріс орындарының бірі.
АЛЕКСЕЙ БУНИН, ЗАУЫТ ӨКІЛІ
Кәсіпорын жылына 750 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы. Құрылғылар Қытайдан әкелінді. Бұл мемлекет Ресейдің бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі. Бірлескен кәсіпорын үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау өте маңызды. Әсіресе арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктер өндірістің қарқынды дамуына мүмкіндік береді.
Кәсіпорын толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жоба импортты алмастыруға бағытталған. Барлық қондырғылар цифрлық жүйемен жұмыс істейді. Фабрика қалдықсыз өнім өндіреді. Шетелдің озық технологияларын жергілікті мамандар игеріп отыр. Қазіргі таңда мұнда 136 тұрақты жұмыс орны ашылған.
КИРИЛЛ БАРЗЕНКО, БАС ТЕХНОЛОГ
Біз спанбонд өнімдерін шығарамыз. Бұл – Қазақстандағы инновациялық технологиялардың бірі. Өнім жергілікті мамандардың қатысуымен ресейлік технология негізінде өндірілуде. Қолданыстағы құрылғылардың барлығы соңғы үлгідегі заманауи жабдықтар. Әзірге мұндай өндірістің Қазақстанда баламасы жоқ.
Кәсіпорын жеңіл өнеркәсіпте, медицинада, құрылыс саласында және өзге де бағыттарда қолданылатын спанбонд негізіндегі тоқыма емес материалдар шығарады. Алдағы уақытта өнімнің жаңа ламинатталған түрін өндіру жоспарланып отыр. Шикізат отандық нарықтан алынады. Қазақстанда өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар Орталық Азия елдеріне экспортталады.
ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымкентте Қазақ-Ресей бірлескен екі бірдей ірі кәсіпорын бар. Олардың өнімдері экспортқа негізделген. Алдағы уақытта тағы бірнеше жобаны іске асырамыз деп отырмыз.
Жалпы арнайы экономикалық аймақта кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылым мен кедендік рәсімдер де толық қарастырылған. Аймақта жалпы құны 177 миллиард теңгеден асатын 87 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.