«Атжалман ғасыр» спектаклі тарихи шындыққа жанаспайды! Қойылымдардың дені тарихи шындықпен сәйкеспейді. Осылай деген жазушы, драматург Захардин Қыстаубаев Жұмат Шанин театрын сынға алып, кемшіліктерін жіпке тізді.
Драматургтың айтуынша, театр репертуарындағы «Атжалман ғасыр» спектаклі тарихи тізбекке қайшы. Қойылымда режиссер Жұмат Шаниннің жалған жаламен тұтқындалып, тергеуге алынған сәтін тым әсірелеп көрсеткен дейді Захардин Қыстаубаев. Оның сөзінше, Жұмат Шанинді тергеу ісіне Николай Ежов, Лаврентий Берия, Андрей Вышинский, Филипп Голощёкин, Левон Мирзоян сынды басшыларды қатысқандай етіп көрсету – көрерменді алдау, саяси сауатсыздық екен.
ЗАХАРДИН ҚЫСТАУБАЕВ, ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ
– «Москваның өзінде қырғын болып жатқан кез. Танымал тұлғаларды, басшыларды тергеп, атып тастап жатқан уақыт. Күнде саяси тұлғалардың өзі атылып жатқан уақытты жаңағыдай басшылар бар жұмысын тастап бізге келмейді.» - – «Олардың мыңдаған қызметкерлері бар. Жәй гергеуші, прокурорларды жібереді ондайға» - – «1933 жылы Голощекинді қызметінен алып тастаған.» - – «Оны қызметтен алып тастаған кейін ол Қазақстаннан кетіп қалған. Ал 1938 жылғы тергеуге сол да келеді. Ондай партияны басқарған адамдар тергеу ісіне еш уақытта араласпайды.»
Сауалдарды арқалап, Ж.Шанин театрына бардық. Ақпарат және жарнама бөлімінің меңгерушісі Аида Өтеп: «Біз аталған сынмен келіспейміз. Иә, қойылым тарихи дерекке негізделген, бірақ оны көркемдемей, қаз-қалпында көрсететін бұл деректі фильм емес», - дейді. Айтуынша, драматург жіпке тізген басшылардың бір орынға шоғырлануы - драматургиялық тәсіл. Осы арқылы режиссер халыққа репрессия себепкерлерін көрсетуге тырысқан. Сондай-ақ ұжым қызметкері, аталған қойылым тетар сыншыларының жоғары бағасын алып, фестивалдерден жүлдемен оралған.
АИДА ӨТЕП, ТЕАТР ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Тарихқа жанаспайды дегенге біз келіспейміз. Өйткені, архивтерді ақтарып қарасаңыздар болады. Тіпті, қойылымға Ж.Шаниннің немересі Болат Шанин арнайы келіп ризашылығын білдіріп кеткен.»
Бұдан бөлек, Захардин Қыстаубаев Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнап қойылған «Желсіз түнде жарық ай» спектаклін де сынға алды. Айтуынша, қойылым афишасында да қате кеткен.
ЗАХАРДИН ҚЫСТАУБАЕВ, ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ
– «Пьесаның авторы Абай Құнанбаев дейді. Ол Абайдың мерейтойына арналған. Сонда Абай өзінің мерейтойына арнап пьеса жазып кетіп па?» - - Абай сахнаға қызыл кастюм киіп шығады. Мойынында бабочка, жалаң бас. Қызыл кастюм деген не сөз Абай қызыл кастюм киіп, бабочка тағып па сол заманда?!»
Театр ұжымы бұл сынды да орынсыз санайды. Тап сол қойылым афишасында спектакльдің инсценировкасын жазып, Абай өлеңдерін сахнаға бейімдеген Қуандық Қасымов деп тайға таңба басқандай жазулы тұр дейді.
АИДА ӨТЕП, ТЕАТР ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Абайдың өлеңдерінен жинақталған болғасын Абай Құнанбаев деп жазылуы заңдылық. Алайда, афиша мен әл.желідегі жарнаманың бәрінде оны сахнаға бейімдеген, инсценировкасын жазған Қуандық Қасымов деп көрсетіліп тұр.»
Айта кетейік, аталған театр ұжымы 21-30 желтоқсан аралығында жас бүлдіршіндерге арнап «Қошқар мен Теке» жаңа жылдық ертегісін сахналайды.