«Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!». Биыл Хәкім Абайдың туғанына 179 жыл. Өмірден өзі өткенмен, өміршең шығармалары халық жадында берік сақталып, бағыт-бағдар беріп келеді. Атын ұлықтап, шығармаларын дәріптеу мақсатында жыл сайын «Абай оқулары» өткізіліп, еңбектері жас өренге насихатталып жүр. Сондай сайыстардың бірі Түркістанда өтті. Байқауға қатысушылар А.Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқып, сахналық көрініс көрсетті. Толығырақ тілші тарқатады.  
Қатысушылар Хәкім өлеңдерін жатқа оқып, әрбір сөздің мәнісіне барысты. Түрістандағы барлық мектеп оқушылары қатысқан сайыс, жас буын санасына рухани құндылықтарды сіңіруді көздеген. Ал бұл жолда Абай шығармаларының алар орны ерек дейді ұйымдастырушылар.
Байқауға төрелік етіп, қатысушылардың қарым-қабілетін бағалау барысында әділ қазылар тіл тазалығы мен дауыс ырғағына және өлеңді түсініп оқуға жіті мән берген. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққандар арнайы алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға иелік етті.
Айта кетейік, Абай шығармаларын дәріптеу ісі кең көлемде іске асырылып жүр. Қала кітапханалары мен басқа мәдени ошақтар көптеген іс-шара өткізіп, данышпан еңбектерін дәріптеуге күш салуда.