Түркістандық балаларға да Президент сыйлығы үлестірілді. Мерекелік шырша шамын облыс әкімі Дархан Сатыбалды жағып, оқушыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Мерекелік жиында әлеуметтік осал топтағы балалар мен республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпазы болған 200 балаға сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ әр бүлдіршінге оқу құралдарына арналған сөмке, қазақ ертегі кітаптары беріліп, ақшалай сыйақы табысталды.
Бұл күні қазақ ертегілерінің кейіпкерлері балалардың көңілін көтерді. Арнайы концерттік бағдарламада әуелеген ән шырқалып, мың бұралған бишілер балаларға ерекше әсер сыйлады.
Айта кетейік, Жаңа жыл мерекесіне дейін 200 бала 2 күн бойы Түркістанның көрікті орындарын аралады. Балаларға арналған ойын-сауық орталығында уақытты қызықты өткізіп, кинотеатрда мультфильм тамашалады.