Шымкенттегі шахматшы ақсақалдардың арманы орындалды. Орталық саябақтың төрінде «Шахматшылар үйі» пайдалануға берілді. Бұған дейін ардагерлер мен қариялар қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықпен көшпелі кездесуінде шахматқа арналған орын қарастыруын өтінген болатын.
 Халықтың пікірін ескерген мегаполис басшысы дереу Жайлы ортаны дамыту басқармасына тапсырма берген. Әл-Фараби ауданының қақ ортасында орналасқан ғимарат заманауи жабдықталған. Ашылу салтанатында қала әкімі салауатты өмір салтын қолдайтынын жеткізді. Жаңа нысанда бір уақытта 40 адам шахмат ойнай алатын 20 үстел орналастырылған. Бұдан бөлек, қариялардың тиімді уақыт өткізіп, спортпен шұғылдануы үшін жағдай қарастырылған. Ғимарат толық жылу жүйесімен, жаңа электр желісімен қамтамасыз етіліп, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Ал жазда желдеткіш орнатылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында демеушілер есебінен салынды – дейді әкімдіктегілер.