Түркістанда «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті мәжілісі өтті. Жиында өңірде «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы қаралды. Белгілі болғандай, нәтиже жаман емес. Жоба 64 пайызға орындалған. Алқалы басқосуда экономиканы көтеруге екпін беретін салалардың аяқалысы да сөз болды.
Фракция жетекшісінің айтуынша, партияның облыстық филиалы жүргізіп отырған мониторинг пен талдау нәтижелеріне сәйкес, «Жол картасы» биыл орындалуы тиіс 126 тармақтың 81-і немесе 64 пайызы жүзеге асқан.
Түркістанда инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріліп келеді. Шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылып, жаңа зауыттар ашылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 11 айда негізгі секторларда өсу динамикасы байқалған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1 триллионнан астам теңгені құрады. Өңір экономикасына 1 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталып, 25,5%-ға өсті.
Жиында депутаттар Түркістан облыстық мәслихатындағы AMANAT партиясы депутаттық фракциясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Партия айқындаған міндеттерді табысты іске асыруға күш салған әрбір азаматтың еңбегі орасан.