«Заң және тәртіп - Қаржылық сауаттылық негіздері» атты байқау өз мәресіне жетті. Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен білім басқармасы бірлесе отырып өткізген сайысқа 14 оқушы қатысып, бейнеролик түсірген. Толығырақ алдағы сюжетте.
Қаржылай тәуелсіз болудың жолдарын 2 минуттық бейнероликке сыйдырған Азиза Саипова тақырыпты ашу үшін жан-жақты ізденгенін айтады. Тереңінен зерттеп, өз қатарластары арасында талдау жүргізген 10-шы сынып оқушысына ұстазы Ақжарқын Балабекова жәрдем беріпті.
Алғаш рет өткізілген сайысқа 14 оқушы қатысқан. Олар тақырып аясында бейнеролик түсіріп, қаржы сауатын қалыптастырудағы қағидаларға тоқталған. Байқауда бақ сынау арқылы оқушылардың өздері де ақшаны дұрыс жұмсауды, қаржы пирамидаларын қалай ажыратуға болатынын, интернет алаяқтарына алданбауды үйренгендерін айтады.
Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен білім басқармасы бірлесе отырып, жас буынның қаржылық сауатын қалыптастыру мақсатында дәрістер өткізіп келеді. Жыл басынан бері 90-ға жуық мектепте арнайы сабақтар ұйымдастырылған. Бүгінгі байқау міне соның нәтижесі. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.