Ордабасы ауданы спортшыларға кенде емес. Аймақтан еліміздің намысын қорғап жүрген талай саңлақтар шыққан. Бүгінгі таңда жас таланттарды танып, оларды шыңдауға жағдайлар жасалып отыр. Жаңа жыл қарсаңында аудан орталығы Темірлан ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Заманауи спорттық-сауықтыру кешенінде қазақ, грек-рим, самбо, дзюдо күрестері мен бокспен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар футбол, баскетбол, волейбол, гандбол секілді командалық спорт түрлерімен де айналысуға болады. Спорттың командалық, жекпе-жек түрлерінен бөлек шахмат спорты да ауданда қарқынды дамыған.
СӘТТІБЕК СҮЙІНДІК, «ТЕМІРЛАН» СПОРТ КЛУБЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
- Біздің ауданымызда 5 ауылдық округте арнайы шахмат үйірмелері ашылған. Екі жылдың көлемінде жеттістіктерімізде бар. 10 жасар қызымыз 4 дүркін Қазақстан чемпионы.
Өңірдегі елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Білім, медицина, спорт, мәдениет нысандары көптеп салынуда. Ауданда спорттық нысандар құрылысы да қызып тұр.
ОЛЖАС БОЛАТХАНҰЛЫ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Ауыл ел бесігі бағдарламасы аясында 3 спорттық кешеннің құрылысы жүргізілуде. Нысан былтырғы жылдан өтпелі. Қазір Бадам елдімекеніндені спорттық кешенді пайдалануға бердік.
Спорттық кешеннің жалпы құны – 1 млрд 78 млн теңге. Жер телімінің ауданы – 1,5 гектар болса, құрылыстың ауданы – 4 216,95 шаршы метр. Нысанның құрылысын «ST Service KZ» ЖШС жүргізген. Кешен залына 250 көрермен еркін сияды.