Құтыру – адамға жануарлардың тістеуінен жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Қатерлі дерт жүйке жүйесін зақымдап, сана-сезімді тұншықтырады. Тіпті мұның соңы өлімге әкеп соғуы мүмкін. Мамандардың айтуынша көбіне-көп бұл кесел ит пен мысықтан жұғады. Хош, құтырған жануардың сипаты қандай? Дерттің алдын алу мүмкін бе? Қанат Жолдасбек тарқата айтады.
Маман айтқан мәліметке сүйенсек, құтырған жануар өте агрессивті, шабуылдауға бейім келеді. Оны мынадай белгілеріне қарап тануға болады:
АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Ауызынан сілекейі ағып, демала алмай қалып жүреді. Жарыққа жүрмейді. Дәл сондай көріністер болады.»
Дерттің алдын алу мақсатында ветеринарлар қаладағы әрбір үйдің ит-мысығын есепке алып, сырғалап, вакцина салады. Жұқпалы дерттің тағы бір қауіпті түрі – сібір жарасы. Топырақта, су қоймаларында және өлі малдың қалдықтарында ұзақ уақыт сақталатын бактерия негізінен зақымдалған жануарлардың терісімен, етімен немесе сүтімен жанасқан кезде жұғады. Сондай-ақ аурудың бұл түрі ауа арқылы да таралуы мүмкін. Бактериялар адам ағзасына енгеннен кейін көбейіп, токсиндер бөледі, бұл аурудың асқынып, дамуына әкеп соғады. Мамандар сібір жарасы алғашқыда ауырсыну тудырып, белгі бермеуі мүмкін, дейді. Сол үшін де кейбір науқастар оған немқұрайлы қарап, асқындырып алып жатады.
МҰРАТ АҒАБАЕВ, ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Басқа жара іріңдейді, ауырады ғой. Ал сібір жарасы ауырмайды. Сөйтіп кейбір адамдар білмей жүре береді, көңіл бөлмей. Ары қарай бұл қанға сіңіп үлкейсе мәселеге айналады. Асқынулар басталады.»
Қала аумағында сібір жарасымен ауырған малдар сойылған, қаны тамған 8 орын оқшауланып, ескертпе тақтайшары ілінген.
АЙГҮЛ ТҰРЫМБЕТОВА, САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Ол пунктердің беттері бетондалып, қоршалған. Ескертпелер ілінген «Сібір жарасының ошағы» деген. Маңайдағы тұрғындарға ескерпе жүргізілген. Ол жерде қазба жұмыстарын жүргізуге болмайды. Мал бағуға рұқсат етілмейтіні ескертілген.»
Мамандар баспасөз отырысы барысында басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша ақпарат беріп, сақтану жолдарын тәппіштеп түсіндірді. Журналистер жолдаған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.