Түркістанда этнос өкілдері қазақтың ұлттық өнерін паш етті. «Үкілі домбыра» байқауына қала, өңір мен аудандардан келген өнерпаздар «Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау» сынды үш номинацияда бақ сынасты. Аталған дода Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне арналды.
Байқаудың бағалау шарты бойынша қатысушылардың жас шамасына шек қойылмады, алайда барлығына талап ортақ. Қазылар алқасы киім үлгілеріне де баса назар аударып, орындау шеберліктеріне баса мән берді. Бірлікті бекемдеген байқау қорытындысы бойынша «Дәстүрлі ән орындау» номинациясы бойынша 1-орынға саурандық Юлдуз Бектемирова лайық деп танылса, 2-орынды жетісайлық Элина Букаева, 3-ші жүлделі орынды саурандық Абдумалик Алитдинов иеленді. «Күй орындау» номинациясында үздік деп танылған сайрамдық Диёр Ахмедов болды. 2-орынға кентаулық Бехруз Давранов, 3-орынға саурандық Бехруз Закирханов ие болды. Ал «Терме орындау» номинациясы бойынша сайрамдық Айна Набиева топ жарса, саурандық Муратжан Атажанов жүлделі 2 орынды қанжығалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Бұл байқау тек өнер жарысы ғана емес, ұлттық мұраны дәріптеп, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің жарқын көрінісі,-дейді ұйымдастырушылар.
НҰРСҰЛТАН СЕЙТЖАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазақтың күй өнері ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазына. Осы байқау арқылы біз сол қазынаны дәріптеп, жас таланттарға жол ашып отырмыз. Сондай-ақ, ҚХА ел тану, ғылыми ағартушылық батамасымен үндесе отырып, этнос өкілдеріне де қазақ мәдениетінің терең маңызын танытуға бағытталған.