Электр энергиясының тарифі өзгеруі мүмкін. Осы орайда, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан қаласында қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың пікірін білді. 2025 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік лицензиямен жұмыс істейтін компания бүгінгі таңда Шымкент пен Түркістан облысындағы 758 мыңнан астам тұтынушыны электр энергиясымен қамтып отыр.


Компания өкілдері тариф құрылымындағы өзгерістердің себептерін ашық түрде түсіндіріп, өсуіне не себеп болғанын нақты атап өтті. Яғни, тарифтің өзгеруіне біріншіден, электр өндірушілерден сатып алу құнының 56%-ға дейін өсуі әсер етсе, екіншіден, электр жеткізу және KEGOC ұлттық желілерін пайдалану тарифтерінің 20–22%-ға көтерілуі сеп болған. Үшіншіден, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын сақтау үшін резервтік қуатты қамтамасыз ететін Республикалық қаржы орталығының қызметтеріне жұмсалатын шығынның артуында екен.


ГҮЛМИРА АЙНАБЕКОВА, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС БӨЛІМ БАСШЫСЫ

«Шығындардың бәрін ескере келген кезде тариф 37 пайызға өсу туралы өтінім бердік біз. Ал, ол уәкілетті орган заң талаптарына сәйкес өзінің уақыты бар. Сол қарастыру уақыты арасында тарифтің бәрін қарап, 20-сы шілдеден кейін өз шешімін айтады».


Биылдан бастап электр энергиясын сатып алу бағасы 21,08 теңгеден 32,13 теңгеге дейін өсті. Бұл өзгерістер жарықтың өзіндік құнына тікелей әсер етіп, үздіксіз және қауіпсіз жабдықтауды сақтау үшін тарифтің қайта қаралуын талап етеді. Жиында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар да айтылды.


СҮНДЕТӘЛІ ҚҰРМАНӘЛІ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Тыңдау бойынша проектілерді көрдік, көңілге қонымды, ойдағыдай. Слайдтарын көрдік, презентация жасалды. Бүткіл жұмыстары бойынша таныстық. Бәріне көңіл толды».


Қоғамдық тыңдауда компания өкілдері «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатқандарын жеткізді. Бұл ретте, 1967 жылдан бері пайдаланылып келген 35 кВ желілер заманауи жоғары температуралы композит сымдарға ауыстырылуда екен. Нәтижесінде, өткізгіштер екі есе көп қуат өткізіп, апаттық жағдайлар азаймақ. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы 0,4 кВ әуе желілерін СИП жүйесіне ауыстыру – электр жоғалтуын азайтып, қауіптілікті төмендетеді, дейді бөлім басшысы. Ал, 220 кВ «Қызылсу» қосалқы стансасының құрылысы – Шымкенттің солтүстік-батыс аудандарын қосымша 60 МВт қуатпен қамтамасыз етіп, бар желілердің кернеу ауыртпалығын жеңілдейтіні айтылды. Тыңдау барысында Түркістан облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы тарифтік өтінім жан-жақты сарапталатынын, ал соңғы шешім кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.