Балалардың сүйікті мултьхикаясы енді үлкен экрандарда. 3 шілдеден бастап «Тоқты мен Серке» анимациялық фильмі кинотеатрларға жол тартады. Balapan телеарнасының төл өнімі аллегориялық тәсілді сәтті пайдаланып, зұлымдық пен ізгіліктің күресін көрсетеді. Туынды қазақы қалжың мен шытырман оқиғаға негізделген. Кеше анимациялық фильмнің тұсаукесері Шымкентте өтті. Өнім авторлары мен көрермендер бас қосып, туындыны бірге тамашалады.


Мультфильмді көруге келген отбасы қатары көп. Соның бірі - Мырзалиевтер шаңырағы. Самат Қалыбекұлы балаларын ертіп, анимация тамашалауға арнайы келген. Тәрбиелік мән-маңызы жоғары туынды өзіне де балаларына ұнапты.


САМАТ МЫРЗАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Бала шағаны алып келдім. Иә, қуанып тұр ғой барлығы.» – «Өте керемет! Өте ұнады. Алдағы уақытта табыстар тілейміз. Қазақ мультфилиьмін дамыта берсін» 


Тұсау кесерде ұйымдастырушылар сұрақ-жауап сайысын өткізіп, балаларға базарлық жасады. Бүлдіршіндер «Балапан» телеарнасына қатысты қойылған сауалдарға жауап беріп, сыйлық ұтып алды.


«Арманымыздағы кулинарлық квест шоу қалай аталады?» -– «Көңілді асхана. – Дұрыс көңілді асхана!» -


Бір жарым сағатқа жуық туындыны 20 шақты маман 1 жыл бойы дайындаған. Оқиға желісі қызық әрі тартымды. Балаларды ә дегеннен баурап, залда шыбын ызыңы естілмеді. Тоқты мен Серкені «Балапан» телеарнасы 2022 жылдан бері үздіксіз түсіріп келеді. Бұған дейін 6 маусымнан тұратын 78 серияны көрермен назарына ұсынған. Енді ол үлкен экранға лайықталып, толық метрлі фильмге айналды. Бірақ, оқиға желісі бұрынғы нұсқаларын қайталамайды. Анимация сапасы жетіліп, жаңа кейіпкерлермен толысқан. Гектар атты алып ит Тоқты мен Серкені ұрлап әкетіп, темір торға қамап қояды. Басты мақсат – боданнан босап, мамыражай тірлікке қайта оралу.


БАТЫРХАН ДӘУРЕНБЕКОВ, «САҚ» КИНОСТУДИЯСЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ

«Мұның тақырыбы «ұрлық түбі қорлық» деп аталады. Кезінде аталарымыз біреудің ала жібін аттама, бөтен затты алма деп үйретіп келген ғой.»  «Қазірдің өзінде де ауылдық жерлерде мал ұрлығы бар.» - «Бұл да сол тақырып бірақ бұл жерде үлкен бір қораға ұрлап кетеді. Олар сол жерден шығудың әрекетін жасайды. Түрлі нәрселерді ойлап табады.» -  «Сапасы Маша мен Аюдан кем емес, жоғары болмаса» 


Биыл «Балапан» телеарнасына 15 жыл. Мерейтой қарсаңында бүлдіршіндердің сүйіктісі өз көрермендеріне арнап «Шоқан. Қашқария сапары» және «Желаяқ» туындыларын тарту етті. «Тоқты мен Серке» соның жалғасы. Жоба жаз бойы еліміздің 28 қаласындағы 80-ге тарта кинотеатрда көрсетіледі.


МАҚПАЛ УКЕНОВА, BALAPAN ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

«Балапан телеарнасы Отандық анимация саласына үлкен үлес қосып келеді. Анимация қоржынына 160 туынды қосты.» -  «6 маусымы бар бұл туынды көрерменнің көңілінен шығып, үлкен рейтинг жинады деп айта аламыз.» 


Тұсаукесерге келген көрерменнің қарасы қалың. Залда ине шаншыр орын жоқ. Бала түгіл ересек те оқиға желісіне елтіп, мультхикаяның әр эпизодын қалт жібермей тамашалады.


ҚУАНЫШ МАХМҰД, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Тоқтының маған детопланмен ұшқаны қатты ұнады.» -«Барлығы ұнады жалпы. Жақсы түсірілген.» 


Balapan телеарнасының өндірісінде тағы 10 аниамциялық жоба бар. Мультфильмдер жыл соңына дейін аяқталып, көгілдір экрандарға жол тартады. Айта кетейік, «Тоқты мен Серке» туындысын «Балапан» телеарнасының тапсырысына сәйкес шымкенттік «Сақ» киностудиясы әзірлеген. Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Батырхан Дәуренбеков, прадюсер – Нұриддин Паттеев, ал қоюшы суретшісі – Самат Нұралиев.