Парламент депутаттары 1 ай демалысқа кеткенімен, олардың жұмысы тоқтаған жоқ. Халық қалаулылары енді өңір-өңірді аралап, халықтың мұң-мұқтажын түгендейді. Күні кеше бір топ депутат Түркістан шаһарына табан тіреді. Олардың қатарында Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев, Ұласбек Сәдібеков, Қайрат Балабиев, Кенжеғұл Сейтжан және Нұрсұлтан Байтілесов бар.
Депутаттармен өңір басшысының кездесуінде қордаланған біраз түйіткілдің түйіні тарқады. Әсіресе, облыста өзекті боп тұрған газ, ауыз су мәселелерін түбегейлі шешумен қатар әлеуметтік нысандар салу, инфрақұрылым, бизнеске қолайлы жағдай жасау сынды бірқатар бастама көтерілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
10жылда өзіміз табысты 1 трлнға жеткізуге болады мүмкіндік бар. Егер осы темппен біз келетін болсақ. Осыны түсірмей әрмен қарай жұмыс жасау керек. Біз Республикаға тәуелділікті азайтуымыз керек. Мен қарадым, 10 жылда қазір 13,8 болатын болса, табысты 80-85 пайызға көтеруге болады. Ірі зауыттар сала алмасақ та малый средний бизнесті дамытуымыз керек қой.
Ал кездесуде депутаттар елдегі саяси реформалар, мемлекет басшысының бастамалары, жаңадан қабылданған заңдар туралы ой-пікірлерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, биыл өңірлерде белең алып, шаруаларды әбігерге салған қуаңшылық мәселесі де көтерілді.
ҰЛАСБЕК СӘДІБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Мәселелерді өткенде көтердік. Оны айтпасақ болмайды. Шындығында да қиыншылық болып жатыр ғой әлі де. Ертең біз аралап тағы да көреміз. Алда бюджет қаралады. Сол бойынша да біз бүгін ертең жинақтап барғаннан кейін өзіміздің үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.
Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа енгізу мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау туралы бастамалар да қалыс қалмады. Халық қалаулылары өз кезегінде облысты дамыту жұмыстарына оң баға беріп, елдің әлеуетін көтеру бағытындағы шаруаларды бірлесе атқаруды жалғастыратындарын жеткізді.