Шымкентте бильярд спортынан дүбірлі дода. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері генерал-майор Сәбет Жақыпбековті еске алуға арналған турнир басталды. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан ҰҚК ардагерлері келді.


Шымкент қаласында тұңғыш рет өтіп жатқан дәстүрлі турнир еліміз бойынша осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Бильярд спортынан мықтыларды анықтайтын жарыс бұған дейін Астана, Алматы, Көкшетау, Талдықорған, Қарағанды, Петропавл, қалаларында өткен. Ең алғаш рет 2018 жылы генерал-майордың көзі тірісінде елордада басталған. Турнирдің өз чемпиондары бар.


ҚАСЫМХАН ЕСИМСЕИТОВ, ҰҚК АРДАГЕРІ

Содан бері алты турнирде 4 чемпион болды Бүгінгі жарысқа сол төрт чемпионның төртеуіде қатысып отыр. Бұл турнирдің ардагерлер үшін үлкен маңызы бар Біріншіден салауатты өмір бас қосып спорттың бір түрі. Сырласып, сұқбаттасып өткен кеткенді еске алып, әңгіме құрады арасында. Екіншіден спорттық мәні бар жарыс.


Турнирдің ашылу салтанатында Сәбет Жақыпбековтің ел үшін еткен еңбегі баяндалды. Дара тұлғаның Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары құрылымды күшейтуге бағытталған жобалары мен ауқымды шаруалары әңгімеге арқау болды. Ал адамдық қасиетін әріптестері әлі күнге дейін айтып жүреді.


ӘДІЛ ШАЯХМЕТОВ, ҰҚК АРДАГЕРІ

Өзі табиғатынан өзі көпшіл адам. Жүрген жерінде жанында жүрген жастарға тәрбие беріп қызметкерлеріне дұрыс бағыт беріп жүретін. Қызметте өте адал қызмет етті, Мәскеуде оқып білім алды. Кейін зейнетке шыққанда бірінші болып ҰҚК Ардагерлер кеңесін құрды.


Бұл турнирге еліміз бойынша 27 ардагер қатысып отыр. Жеңімпазға Сәбет Жақыпбековтің көзі тірісінде дайындап кеткен ауыспалы кубогы табысталатын болады. Одан бөлек жеке номинациялар да бар. ҰҚК ардагерлері бұқаралық спорттың дамуына үлестерін қосып келеді. Жыл сайын бильярдтан бөлек волейбол, кіші футбол, шахмат, шаңғы спортынан жарыстар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.