Қала көліктерге емес, адамдарға арналған. Миллиондар мекені көк түтіні бұрқыраған өндіріс ошағы емес, көшелері көңілді қошқа бөлеп, жолдары жанға шипа болатындай жасыл желекке айналуы тиіс. Осы бастамаға мұрындық болған өңір басшысы жоқтан бар құрап, тар көшені демалыс аймаққа айналдыруға болатынын іспен дәлелдеді. Жоспар жүзеге асып, алғашқы Арбатта ақ тілектер айтылды.
Шымкеттік Арбаттың ұзындығы - 1 шақырым шамасында. Бұл жерге жаңа шамдар ілініп, орындықтар қойылды. Ландшафт дизайны көз тартады. 3600 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 2000 шаршы метр жерді аяқ жолдар алып жатыр. Қаланың бас сәулетшісінің айтуынша, бұл жоба жалғасын табады.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халық қалаулыларын ертіп, Қошқар ата бойында қызған құрылыс жұмыстарымен де танысты. Бұл күнде Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі 300 метр өзен жағасы көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жалпы ұзындығы 1200 метр болатын жаңа жобаның орнын облыс әкімі тағы да жаяу жүріп өтіп, жұмыс қарқынына оң бағасын берді. Тың бастамалар ел игілігіне екенін айтты.
К. Дүйсенбі