Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің штаб-пәтері ашылды. Бұл құрылымға бүгінде сары құрлықтың 28 мемлекеті мүше. КСМ: Оның негізгі мақсаты аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Кеңесті құру туралы бастаманы 1992 жылы Қазақстан тарапы көтерген. Бас кеңсенің ашылу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Мемлекет басшысы бұл сәтті тарихи және аса маңызды оқиға ретінде бағалады. Өйткені ұйымның сенім шараларын нығайту қағидаты қазіргі күрделі кезеңде өзекті. Әлем халқының жартысынан астамын біріктіретін кеңес халықаралық қатынастар архитектурасындағы маңызды элементке айналды. Президент жер-жихан бұрын-соңды болмаған күрделі үдерістермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оны байыппен зерделеп, терең түсіну қажет. Халықаралық құқықтың негіздері біртіндеп күйреп, өздерін заң талаптарынан жоғары қоятын күштер пайда бола бастады. Мұндай жағдайда барлық ел үшін халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар ұйымы жарғысының қағидаттарын бұлжытпай сақтау аса маңызды. Сондай-ақ іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дипломатия саласындағы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол халқымыздың ғасырлар бойы «дала дипломатиясын» ұстанып, мәмілегерлік дәстүр арқылы бейбіт өмірдің үлгісін қалыптастырғанын айтты. Құрмет пен сыйластық – қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан қастерлі құндылықтар. Осы ұстанымдар – еліміздің сыртқы саясатындағы мызғымас тірек, айнымас темірқазық, деді Президент.