Бір топ азамат жылу электр орталығы маңында ереуіл жасап, оны басып алмақшы болды. Абырой болғанда күзет қызметі дер кезінде әрекет етіп, қауіптің бетін сейілтті. Дүрбелең жасағандар тұтқындалып, полиция көлігіне жеткізілді. Бұл аумақтық қорғаныс қызметкерлерінің оқу-әдістемелік жиынында көрсетілген сценарийі.


Бейбіт күнде дүрбелең шығып, қоғам қауіпсіздігіне қатер төнсе мамандар дәл осылай әрекет етеді.


1 және 4 шілде аралығында өтетін оқу-жаттығу жиынына еліміздің барлық өңірінен аумақтық қорғаныс бригада командирлері келген. Жалпы саны 80-ге жуық әскери қызметкер жылу электр орталығы маңында практикалық іс-қимылдарды пысықтап, тәжірибе алмасты.


БАҚЫТЖАН АШИМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС БРИГАДАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ

«Практикалық іс-қимылдар.. Ол дронға қарсы іс-қимылдар. Және шабуыл кезінде тойтарыс беру іс-қимылдары болады.» «Жиынға бүкіл Қазақстан бойынша облыс, қала әкімдерінің қорғаныс жөніндегі көмекшілері, әкімдіктердің жұмылдыру басқармармаларының бастықтары, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері жиналып отыр.»


Жиында көрсетілген іс-қимылдардың бірі әрі маңыздысы – шабуылдаушы әуе дрондарын тойтару. Арнайы операция күштерінің әскери қызметкерлері жылдам әрекет етіп күдікті дрондарды залалсыздандырады. Ол үшін дәл мынадай салмағы 7,5 келі тартатын арнайы техниканы арқалаған маман бөгде әуе дронын анықтап, оператормен байланысын үзеді.


АЙДЫН АТАШЕВ, АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯЛАР КҮШТЕРІНІҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІСІ

«Дронға қарсы комплекс бар. Сол комплексті қосу арқылы оператор мен дронның арасындағы байланысты үземіз. Дрнон өзі жеге құлап, біз операторды табуға жағдай жасаймыз.»


Оқу-жаттығу жиыны ұрыс қимылдарын пысықтаумен жалғасты. Сценарий негізінде жараланған сарбаз жедел жәрдем қызметіне жеткізіліп, қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды.