134 шымкенттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Енді оларға мемлекет тарапынан 1 млн 572 мың 800 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Жеңімпаздар аталған сомаға кәсіп бастап, ұсынған жобаларын жандандыруы қажет. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек баспасөз отырысында мәлімдеді. Қаржылай қолдауға кімдер ие болды? Қандай жобалар мақұлданды? Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Жоба шеңберінде 934 өтінім келіп түскен. Арнайы жасақталған комиссия үміткерлерді іріктеп, 134-ін жеңімпаз деп таныған. Сәрсен Абайұлының айтуынша, грант иегерлерінің басым бөлігі әлеуметтік осал санат өкілдері. Қаржылай қолдау алғандардың 5-еуі атаулы әлеуметтік көмек алушы, 7-еуі асыраушысынан айырылғандар, 23-і мүгедектігі бар бірақ еңбекке қабілетті азаматтар, 71-і көп балалы отбасы және 28-і мүгедек бала тәрибелеп отырған тұрғындар. Олар өздеріне берілген мүмкіндікті мынадай салаларға бағыттамақ:


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

«Қолдау тапқан жобалар әртүрлі бағыттарды қамтиды. Әсіресе қызмет көрсету саласы алдыңғы қатарда. Бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Сонымен қатар өндіріс саласы 39 жоба. Тігін 15, кондитерлік наубайхана өнімдері 14, жартылай дайын өнімдер 9, мал және құс шаруашылығы 2 әжне жиһаз өндірісіне қатысты 1 жоба мақұлданды. Фасфуд, шұжықтарды өндіру секілді өзге бағыттағы жобалардың саны төртеу.» 


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

2023 жылдан бері үй жануарларын есепке алу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде қала аумағында 2 мыңға жуық үй жануары деректер базасына тіркелген. Заңға бағынбағандар 10 айлық есептік көрсеткіштен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Бұл не үшін қажет? Сәрсен Абайұлының айтуынша бұл жүйе үй жануарларын асырау мәдениетін қалыптастырып, оған жауапкершілікпен қарауға шақырады. Мәселен, ит-мысығын қараусыз қалдырып, көшеге жіберетіндер бар. Одан зардап шегіп, жарақат алатындар да кездеседі. Мәселенің алдын алып, болдырмау мақсатында ресми өкіл үй жануарларына жауапкершілікпен қарап, оны деректер базасына тіркеу қажетін қадап айтты.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

«20 мың қаңғыбас ит ұсталды. Оның 70 пайызы зәрі, малағы арқылы адамдарға инфекция жұқтыруы мүмкін иттер екенідігі анықталды. Олар емдеуге де келмейді. Ол иттерді залалсыздандырудан басқа амал жоқ. Осы мәселені тұрғындарымыз ескерсе екен дейміз.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматына ауысты. Ресми өкіл журналистер жолдаған сауалдарға толыққанды жауап берді.