Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Аймақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы өте сәтті жүзеге асып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы өндірістік паркті аралап, жүзеге асырылған және енді іске қосылатын жобалармен танысты. Жауаптыларға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Облыс әкімі Avatar Agricultiral Technology Development компаниясының өндіріс орнында болды. Бұл компаниямен жыл басында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашу бойынша келісім жасалған болатын. Жобаның болжамдық құны – 5 млн. АҚШ долларының төңірегінде. Қуаттылығы айына 600 дана. Бүгінде қытайлық инвестор ғимаратты өндіріске бейімдеп, арнайы құрал-жабдықтарын жеткізе бастаған. Жұмыстың басым бөлігін роботтар атқармақ. Өңір басшысы инвестормен пікір алмасып, жобаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аталған зауыт ашылған соң елімізді ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтуды көздеп отыр. Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы техникаларын, тұрмысқа қажетті пакет шығаратын, жиһаз өндіретін және өзге де кәсіпорындарды аралап көрді. Жылу қазандықтарын құрастыру жоспары да пысықталды. Кәсіпкерлер мен инвесторлар жұмысты бастауға қолайлы жағдай ұсынған облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта өндірістік парк жаңа жобалармен толығады деп жоспарланып отыр.