Өрт - тілсіз жау. Сондықтан да бұған бей-жай қарамау керек. Айтып келмейтін апаттан сақтану да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Әрбір адам мен мекеме төтенше оқиғаның болмауы үшін саналы түрде әрекет етуі қажет. Алматыда болған оқыс оқиғаны осыны тағы бір еске салды. Жалпы шымкенттік төтеншеліктер қаладағы жатақханаларды аралап, түсіндіру жұмыстарын да жиі жүргізіп келеді.

 Бүгінде Шымкентте шағын отбасылық 29 жатақхана бар. Сонымен бірге жатақхана типтес заңсыз орындарда анықталған. Жауаптылар 5 күн бойын қаладағы жатақханаларды аралап, түсіндіру жұмысын жүргізіп, құрылғылардың жұмысқа жарамдылығын тексерді. Айтуларынша, тұрғындар өрт туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуге тиіс.  

 Республика көлемінде өткен алдын алу іс-шарасына  төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің  өкілдері мен еріктілер қатысты. Ал тұрғындар болса мұндай тексеру жұмыстарының жиі ұйымдастырылғанын қалайды.  

Республикалық акция кезінде тұрғындарға жадынамалар таратылып, көпшілік орындарға өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары жазылған плкаттар ілінді. Айта кетейік, акцияға жалпы Абай және Тұран аудандарынан 120 азамат жұмылдырылған.

Жалпы өрттің шығу себептері әртүрлі. Электр жабдықтарының ақаулығынан, балалардың ашық отпен ойнауынан, адамдардың өрт қауіпсіздігі ережелеріне салғырт қарауынан, мас күйінде темекі шегіп ұйықтап қалуынан, тұрмыста болсын, қызметте не сауда орындарында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақтамауынан туындайды. Сондықтан да айтып келмейтін апаттың алдын алу қашан да маңызды.