«Жұмысшы мамандықтар жылы» - кәсіби шеберлікті қолдау мен жастарды еңбекке баулудың жолы. Төлеби ауданында орналасқан №8 колледжде ауқымды бастаманың аясында «Шеберліктің сыры- еңбекте» атты байқау өтті. Сайысқа өңірдегі 9 колледжден келген өндірістік шеберлер қатысты.


 Байқау бағдарламасы «Сән технологиясы» және «Кондитерлік ісі» бағыттарына негізделген. Қатысушылар модельдеу, бенто торт әзірлеу және шоколадтан презентациялық мүсін жасау бойынша өз дағдыларын көрсетті. Аталған тапсырмалар білім алушылардың кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ойлауын дамытуға жол ашты.


НҰРСҰЛУ ҚАЛИЕВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ №8 КОЛЛЕДЖ МКҚК ДИРЕКТОРЫ

 Бүгін біз «KazPlast» тігін цехымен бірлесе отырып, облыстық шеберлер байқауын ұйымдастырып жатырмыз. Бұл сайыс тігінші және кондитер мамандарының арасында өтуде. Облыстан 9 колледж келген. Біз әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, студенттерді өндірістік тәжірибеге жібереміз.


Байқау аясында шеберлер өңірдегі өндірістік кәсіпорындармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, олар «KazPlast» тігін цехына барып, кәсіби шеберлікті өндіріс процесінде қалай қолдануға болатынын көрді. Цех қызметкерлерінің заманауи өндірістік әдістері мен жұмыс барысын бақылау арқылы өз дағдыларын шыңдады.


НҮРКЕН ХАЛИКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ №8 КОЛЛЕДЖ МКҚК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Біздің әлеуметтік серіктестеріміз — «Зәмзәм» кафесі. Бұл жерде студенттеріміз іс-тәжірибеден өтіп, шеберліктерін шыңдап жүр.


Төлеби ауданында орналасқан «KazPlast» мекемесі колледжде меңгерілген теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын елімізде тігінге арналған фурнитура мен түймелерді өндіретін бірегей мекеме саналады. Бүгінде фабрикада 150-ден астам адам еңбек етеді, ал жыл сайын 125 мыңнан астам арнайы киім отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етеді.


ДАРИЯ ШИШКАЛОВА, ҚАТЫСУШЫ

 Мен 8 колледжді бітіргенмін. «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істеймін. Дәл қазір немістің нанын даярлап жатырмыз. Арнайы стандарттарға сүйене отырып жасаймыз.


Сонымен қатар, байқау қатысушыларына өңірдегі кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа жобалары мен бағдарламалары туралы ақпарат берілді. Шара жастарға кәсіби дамудың жаңа жолдарын көрсетуге, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған, - дейді ұйымдастырушылар.