Шымкент қаласында оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту бағытында цифрлық жүйелер кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Бұл бастама — білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Цифрлық жүйе шығынды едәуір азайтып, білім беру саласында қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы брифинг барысында баяндады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ

Қазіргі таңда қаладағы 98 мектепте «Alaqan» әлеуметтік әмиян платформасы, ал 54 білім ошағында «E-asxana» жүйесі енгізілген. Екі жүйе де оқушыларды ыстық тамақпен қамту процесін автоматтандырып, қаражаттың мақсатты жұмсалуына мүмкіндік береді. Қыркүйек айында «Alaqan» жүйесі енгізілген мектептерде 188 миллион теңге көлемінде қаржы үнемделген. Қазан айындағы көрсеткіш — 122 миллион теңгені құрайды. Ал «E-asxana» платформасы арқылы жұмыс істейтін мекемелерде 91 миллион теңгеге жуық үнем тіркелді. Бұл жүйелердің басты артықшылығы — әр ата-ана өз баласының тамақтану процесін және қаражаттың жұмсалу жолын онлайн форматта бақылай алады.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

 Биыл қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық өңірлеріндегі мектептерде «Әлеуметтік әмиян» интеграцияланған аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылды. Сол бойынша біз балалардың ыстық тамақ ішкенін тіркеп отырмыз. Мұндай жұмыс Шымкентте де атқарылып жатыр. Екі кәсіпкер жүзеге асыруда. Оның 98-і «Alaqan» платформасына қосылса, 54 мектеп «E-asxana» жүйесіне тіркелген.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ

Бүгінде 1–4-сынып аралығындағы 24 601 оқушы «E-asxana» жүйесі арқылы тегін ыстық тамақ ішеді. Сонымен қатар, 52 371 оқушы «Alaqan» жүйесі арқылы тамақтанады. Дегенмен, 1 556 балаға ата-аналары тарапынан ваучер рәсімдеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Осыған байланысты қараша айынан бастап тиісті ведомстволар ваучер рәсімдеу үдерісін толық бақылауға алады.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

 Ата-аналарға 1414 арқылы хабарлама келіп жатқанын, кейбір ата-аналардың жауап бермегенін, ваучер рәсімдеуді қамтамасыз етпей отырғандарын айтуымыз керек. Бұлай жалғастыра беруге болмайды. Ваучерді рәсімдеу керек. Себебі, біз сол арқылы баланың тамақ ішкенін анықтай аламыз. Егер ваучер рәсімделмесе, жүйеге тіркеле алмайды. Бұл ретте кәсіпкерлер тарапынан наразылық туындауы мүмкін.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ

Әлеуметтік әмиян жобасы білім беру саласындағы ашықтықты арттырумен қатар, артық шығындарды қысқартып, адал және әділ тетіктерді қалыптастыруға ықпал етеді.