Шымкентте «Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиында отандық және шетелдік ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері ұлы ойшыл, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің рухани және ғылыми мұрасын дәріптеуге бас қосты.
Конференцияның негізгі мақсаты - адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосқан ғұламаның ғылыми ой-тұжырымдарын заманауи өркениет пен білім беру жүйесінің дамуымен сабақтастыра талдау. Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған шараға қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек қатысып, алғы сөз сөйледі.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– Шымкент қаласы бейресми атауларда «Шымкент – қайырымды қала» деп аталады. Сол қайырымды, ізетті қалалар қатарынан көрінгіміз келеді. Тұрғындарына жайлы орта қалыптастырған қалаға айналғымыз келеді. Мұның бәрі сонау Әл-Фараби бабамыздан келе жатқанын айтқымыз келеді
Басқосуда философия, педагогика, музыка, этика және өркениеттану салаларындағы Әл-Фараби мұрасының қазіргі қоғаммен байланысы талқыланды. Сондай-ақ ғұламаның 1155 жылдығына арналған «Фарабитанудың» 20 томдық кітабының тұсауы кесілді.
ЖАҚЫПБЕК АЛТАЕВ, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Біз Алматыдан келіп отырмыз. Жай емес, үлкен сыйлығымыз бар. Фарабидың 1155 жылдығына орай «Фарабитанудың» 20 томдық кітабын шығарып, осында тұсауын кеспекпіз. Неге бұл жерден бастап жатырмыз? Себебі Фарабидің кіндік қаны тамған жер – осы оңтүстік. Сондай ырым, ниетпен келіп, 20 томды кітапханаға сый ретінде қалдырамыз.
Конференция аясында тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға ғалымның еңбектері таныстырылды.