Түркістан облысында тәртіп сақшылары экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері экстремизмнің алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Іс-шара барысында полицейлер діни әдебиеттер мен діни заттарды сатумен айналысатын облыс орталығындағы сауда орындарына арнайы барды. Онда сатушыларға заңнама нормаларын түсіндіріп, діни өнімдерді өткізу ережелерін ескертті. Тәртіп сақшылары діни әдебиеттерді, ақпараттық материалдарды, сондай-ақ діни мақсаттағы заттарды сатуға тек ғибадат орындарында, діни білім беру ұйымдарында және осы үшін арнайы бөлінген жерлерде ғана рұқсат етілетінін атап өтті. Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындармен қоғамдық орындарда және мешіттерде кездесулер өткізіп, заңды сақтау қажеттігін еске салды. Оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын құқықбұзушылықтар үшін де жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.