Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизимен кездесті. Екі тарап Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, логистика және туризм салаларындағы мүмкіндіктерін талқылады.


Нуриддин Азизи Ауғанстан Түркістан өңірінің стратегиялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Ауғанстан – еліміздің ірі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналымы жыл сайын артуда. Осы жылдың 8 айында сауда айналымы 278 млн. АҚШ долларын құраса, оның ішінде 6,2% Түркістан облысының еншісінде. Экспорттың негізгі бағыттары - бидай мен ұн, құрылыс материалдары, азық-түлік және металл мен мұнай өнімдері.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Қазақстан мен Ауғанстанды тарихи тамырластық пен өзара құрмет байланыстырады. Түркістан – тек еліміздің емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы. Біз түрлі елдермен достық қатынасты одан әрі нығайтып, өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделіміз. Ауыл шаруашылығы және өзге де салаларда нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.


Қазір Ауғанстанның «Талифа» компаниясы өңірде кептірілген жемістер, көкөністер мен майлы дақылдарды өңдеу зауыты жобасын іске асыруда. Кездесу соңында тараптар өзара тиімді әріптестікті жалғастыру, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету жөнінде уағдаласты.