Желмен бірге қалықтаған сан түрлі батпырауықтар қала тұрғындарының демалысына ерекше сән берді. Республика күніне арналған батпырауықтар фестивалі ашық аспан астында өтіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара барысында креативті индустрия өкілдері мен қолөнер шеберлері өз туындыларын таныстырды. Ал жастар жағы белсенділіктерін түрлі ойындар мен сайыстарда көрсетті.
Аспанды алуан түсті, сан пішіндегі мыңнан аса батпырауық безендірді. Балалар үшін түрлі қойылымдар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
АҚЖАН ТҰРЛЫБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Батпырауық ұшырып жүрміз бала-шағамызбен бірге.» «Осындай демалыс уақыттарда балдарымызды осындай жерге алып келеміз, ойнатамыз. Балдарымыз қуанады ғой.»
Арнайы алаңда велоәуесқойлар жарысы өтті. Ал мото-маусымның жабылуына Орталық Азия елдерінен келген екі жүзге жуық байкер қатысты. Сондай-ақ, қолөнершілердің көрмесі ұлттық нақышты айшықтап, фестивальге ерекше өң берді.
БУБИХАДИША ЖЕТІБАЕВА, ҚҰРАҚ ШЕБЕРІ
– «Құрағымызды бұрынғы аналарымыз шашпай төкпей берді ғой. Соны келесі ұрпаққа мирас етіп тапсырғымыз келеді. Ине жіп қыз баланы тәрбиелейді ғой. Қыздарымыз тәртіпті болса, ибалы болса, сабырлы болса деген ниетпен сол кісілерге үйретіп отырамыз.»
ЕРЛАН ОМАРОВ, «VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Жылда ұйымдастыратын болсақ, халықтың көңілін көтеру үшін, енді бір фестивальден туристер ағыны толып келмесе де, жыл сайын осындай фестиваль өтеді деген сияқты бір үрдісті қалыптастырғымыз келеді.»
Батпырауықтар фестивалі — Шымкенттің шығармашыл әлеуеті мен бірлігін паш еткен жарқын шара болды. Ашық аспан астындағы ерекше демалыс қаланың туристік тартымдылығын арттырып, тұрғындардың көңілін көтерді.