Қазір қала көшелеріндегі қазақ тіліндегі жарнамалардан ағаттық іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Өрескел қателіктер өздігінен көзге ұрынады. Осындай олқылықтарды жою мақсатында Қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы байқау ұйымдастырды. Шараға шаһардағы оннан астам мекеме қатысып, өзара бақ сынады.


Дүкендер мен түрлі мекемелердің сыртындағы жарнама баннерлерінде мемлекеттік тілде мәтіннің болуы маңызды шарт. Сөйлемнің сауатты жазылуы, көркемдік безендірілуі мен эстетикалық үйлесімі де назардан тыс қалмайды. Тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталған байқауда қатысушылар шығармашылық әлеуетін көрсетті және жарнамаларда мемлекеттік тілді сапалы қолданудың үздік үлгілерін ұсынды.


АЙТКҮЛ ЖҰМАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ

Байқаудың негізгі талабы - әр қатысушы өз жарнамаларының мәтіндерін көрнекі етіп, фотоны қоса беру. Жұмыстар қазақ және орыс тілдерінде қабылданды. Мекемелер осы талаптарды сақтай отырып, байқауға қатысты.


 Байқау барысында жарнама мәтіндерінің сауаттылығы, көркемдік мәнері мен эстетикалық талаптарға сәйкестігі бағаланды. Қатысушылар арасында ерекше көзге түскен «Innoforce Media» компаниясы үздік үштіктің қатарынан көрінді. Аталған мекеме автобустардың бағыты мен келу уақытын көрсететін электронды тақталарды жасап, мемлекеттік тілді заманауи форматта тиімді қолданғаны үшін жоғары бағаға ие болды.


АМАНТАЙ ПШАНОВ, «INNOFORCE MEDIA» КОМПАНИЯСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ

Біз әр аялдамада арнайы медиаборд орнатпақпыз. Әуежайда, вокзалда, тіпті автобус аялдамаларында ақпараттық тақтайша болады. Қай автобустың қай уақытта келетіні көрсетіледі, яғни жарнама жасаймыз. Әр жарнаманы тілдерді дамыту орталығының мамандарына тексертіп, содан соң ғана жүзеге асырамыз.


Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушыларға жүлделі сыйлықтар мен арнайы марапат табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып қана қоймай, тіл тазалығын сақтауға үлес қосады.