Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа инвестицияларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Логистика жағынан қолайлы аймаққа қызығушылық танытып жатқандар да көп. Ауданның бизнес әлеуеті Бадамда өткен кәсіпкерлердің ІІІ форумында әңгімеге арқау болды. Тақырыпты тілші тарқатады.


 Іс-шара аясында аудан кәсіпкерлерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Форумға қатысушылар ордабасылық брендті қалыптастырған сапалы өнімдерді тамашалады. Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы келді. Форумда кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері таныстырылып, бизнесті дамытудағы бірқатар мәселелер талқыланды.


 АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Пилоттық жобаларды ары қарай жалғастыру мақсатында өнеркәсіптік парктерді жоспарға енгіздік. Оның біреуі Ақбұлақ елді мекенінде, қазір құрылыстар басталды. Оны келер жылы пайдалануға беретін болсақ, 8 үлкен ангар іске қосылады.


Жиында сөз алған аудан прокуроры Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвесторларды жетелеуге дайын екендігін жеткізді. Оларды бюрократиядан қорғап, ісін бастауға және уақытын үнемдеуге атсалысатынын атап өтті.


АБЗАЛ ҚЫДЫРБАЙ, АУДАН ПРОКУРОРЫ

Республика бойынша әрбір кәсіпкер мен инвестордың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіліп келе жатыр. Биылдың өзінде әкімдікпен бірлесіп, бір инвестордың монополияға қарсы мекемемен орын алған келеңсіз жағдайын ретке келтірдік.


Кәсіпкерлік саласындағы осы маңызды алаң аясында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалардың таныстырылымы өткізіліп, аудан әкімдігі мен жеке компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.


ЖҰМАБЕК ҚҰРМАНБЕКОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ

Мемлекет басшысының кешегі Жолдауында басым бағыттардың бірі — елге инвестиция тарту болып табылады. Ауданда тоғыз айда тартылған инвестиция көлемі 8 миллиард теңге болса, оның 75 пайызы жеке инвесторлардың үлесіне тиесілі.


 Бұл басқосудың басты мақсаты – аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасау болып табылады.