Достық үйінде Грузин этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Біздің күшіміз – бірлікте!» атты фестиваль өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне арналған іс-шарада Грузин халқының ұлттық өнері мен дәстүрі көрсетілді.
Фестиваль аясында этнос өкілдерінің әндері мен билері, ұлттық өнері мен салт-дәстүрі дәріптелді. Грузин халқының танымал суретшісі Нико Пиросманишвили мен белгілі ақын Булат Окуджаваға арналған музыкалық композициялар орындалды. Барлық қатысушылар бірлесе «Жерім менің»
ЗААЛ БОЧОРИШВИЛИ, ГРУЗИН МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Барлық Қазақстандықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл өлке баршамызға ортақ Отан. Оны дамыту, өрлеуіне үлес қосу сіз бен бізге, яғни ұлтына қарамай, барша Қазақстан азаматына ортақ міндет!»
Шымкентте 52-ден астам этнос өкілі өмір сүреді. Олардың әрқайсысы қала дамуы мен ел бірлігіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Солардың бірі – Грузин этномәдени бірлестігі. Концерт барысында олар мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, ана тілімен қатар мемлекеттік тілде де ән шырқады.
НҰРКЕН ӘЛІМҚҰЛОВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫ
– «Бұл фестиваль не береді? Достық пен қоғамдық келісімді нығайтып, қоғамдық тұрақтылықты арттыруға негіз болады.»
Концерттік бағдарлама келушілерді серпілтіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Дәстүрлі ән шырқалып, ұлттық киім үлгісі көрсетілді. Халықтар достығын дәріптейтін өлең-жыр оқылып, тұщымды ой-пікір айтылды.