Шымкент қаласындағы Қызғалтақ сарайында 25 қазан – Республика күніне арналған мерекелік салтанатты іс-шарасы өтті. Еліміздің басты мерекесіне арналған кеште қала басшылығы бірқатар азаматтарды марапаттады. Егемендігіміздің болашағы мен өркендеуі жолында еңбек етіп жүргендердің еңбегін еледі. Саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қаламыздың қоғам қайраткерлері мен өскелең ұрпаққа өнеге болып жүрген ел азаматтары құрметке бөленді.


 Республика күні – еліміздің тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі. 1990 жылдың 25 қазанында егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл құжат еліміздің тәуелсіздігін жариялауға жол ашқан тарихи қадам болды. Сондықтан Республика күні – мемлекеттілік пен ел бірлігінің бастауы, тәуелсіз ой мен жаңа дәуірдің нышаны.


Салтанатты шарада 50-ге тарта азамат арнайы марапқа қол жеткізді. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосқандар «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, талай жыл табанды қызмет еткен аға буынға «Құрмет», «Еңбек » ордендері тағылды.


 Бұл мерекенің маңызы – өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауда. Республика күні – әрбір азаматтың ел тағдырына жауапкершілікпен қарауын, Отанға деген сүйіспеншілігін оятатын ерекше күн. Бұл – егемендіктің қадірін ұғындыратын, елдіктің мәнін түсіндіретін мереке.