Мерейтой қарсаңында “OŃTÚSTIK” телеарнасы жергілікті медиа ұжымдар арасында спартакиада ұйымдастырды. Оған 50-ден аса маман қатысып, спорттың үш түрінен бақ сынады. Үздік деп танылғандар бағалы сыйлықтар мен қаржылай марапат иеленді. Жарыс Ө.Жәнібеков университетінде өтті. Сайыстардың әділ өтуін оқу орнының қызметкерлері бақылап, кәсіби төрешілік жасады.


Әуелі журналистер арқан тартты. Білек пен күш, тәсіл мен айла сынға түскен сайыста “OŃTÚSTIK” телеарнасы топ жарды. Әуелі «Уақыт» командасын, ақтық сында «Айғақ» телеарнасын жеңіп, жүзден жүйрік атанды.


Ал үстел тенисінде «Хан» телеарнасы көш бастады. Екінші орынды «Уақыт», үшінші орынды “OŃTÚSTIK” ұжымдары иеленді.


АРДАҚ ЖАҚСЫЛЫҚОВА, «УАҚЫТ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Журналистерге спорт керек. Өйткені журналистерді аяғы асырайды деген ұғым бар. Ал аяғыңыз талмас үшін бір мезгіл спортпен шұғылдануыңыз керек. Журналист деген өзі әмбебап халық қой. Бүгін арқан тартуға, үстел тенисін және волейбол ойнауға келіп тұрмыз.


Спорттық сайыстарды волейбол ойыны түйіндеді. Ептілік пен жылдамдықты, қырағылық пен мерген ойды талап еткен ойын тартысты өтті. “OŃTÚSTIK” командасы әуелі «Уақыт» телеарнасын 2:1 есебімен, финалда «Айғақ» ұжымын 2:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды.


САЛАМАТ ОМАШ, “OŃTÚSTIK” ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Спорттық жарыстың кез келгені - салауатты өмір салтын насихаттау. Екіншіден, бұл бір-бірімен күш сынасу ғана емес, достықты нығайту. Оңтүстіктегі телеарналар арасындағы бірлікті арттыру деген сөз. Сол себепті де осы спартакиаданы қолға алып отырмыз.


Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, үздік деп танылған қатысушыларға телеарна сапында қызмет атқарған Сапарәлі, Бауыржан Рысбековтер мен Есмұхаммед Шынтеков, Қанат Сәдуақасов, Қалыбек Атжан және Байдулла Қонысбеков атындағы сыйлықтар табыс етілді. Олар саналы ғұмырын ақпарат айдынын байытып, көрерменге бүкпесіз жаңалық таратуға арнаған тұлғалар.


ӘУЕСХАН АХМЕТЖАНҰЛЫ, Қ. СӘДУАҚАСОВТЫҢ ӘКЕСІ

Көп өзгерістер болып жатыр екен. Келешектерің кемел болсын. Дендерің сау болсын! Алла жар болсын! Рақмет шақырғандарыңа!


РАХИЯ СҮЛЕЙМЕН, Қ. АТЖАННЫҢ ЖҰБАЙЫ

Қалакеңнің атына жүлде беріп жатқандарыңызға көп рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін. Аман болыңыздар, еңбектеріңіз жана берсін!