Шымкент қалалық қуыршақ театры ашық аспан астында қойылым сахналап, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Шымқала кештері» мәдени іс-шаралары аясында өткен қойылымды саябақ демалушылары тамашалады.
Әлібек Файзулланың «Үй таңдаған лақ» шығармасы сахналанды. Жас өрен спектакльді ұйып тамашалап, ертегі әлеміне енді. Кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге көңіл көтерді. Қойылымның мән-маңызы мен көрсетер үлгі-өнегесі ұшан-теңіз.
МАҚПАЛ МАЛДЫБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
– «Өзіне дұрыстау үй іздеп жүрген лақ қозының айтқанын тыңдамай, көшеге шығып кетеді. Сөйтіп жолда қасқырға, түлкіге кездеседі. Соңында еңбексіз ештеңенің келмейтінін түсінеді.»
Қойылым болатынын әлеуметтік желілерден көрген Ұлбике әжей немерелерін алып, «Журналистер» аллеясына арнайы келген. «Спектакль балаларға ғана емес, бізге де қатты ұнады. Тап осылай тамашалайық», – дейді ол.
ҰЛБИКЕ ӘБДІРАХМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Балалармен бірге өзіміз де қатты қуанып, тамашалап отырмыз. Одан бөлек, әншілер ән айтып, өнерлерін көрсетті. Көп рақмет! Қазақша қойылым сахналап, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп отырған ұжымға дән ризамыз.»
Ары-бері шапқылап, бір орында байыз таппайтын балалар сахна алдына жиналып, қойылымды мұқият тамашалады. Қорғансыз лақ үшін уайымдап, түлкінің алаяқ қылығын күлкі етті. Еңбекқорлықтың -жақсы қасиет екенін түсініп, ой түйді.