Жаңа технологияға қызығушылық қасиет әр адамның бойына бала күннен жұғады. Сондықтан балғындарға күрделі саланы ойын түрінде ұғындыру керек. Ордабасы ауданы, Қарақұм ауылындағы «Ақкөгершін» балабақшасының тәрбиешілері техникалық ілімнің алғышарттарын балаларға үйретуді қолға алған. Жаңа жобамен танысу үшін аймақтағы мектепке дейінгі мекемелердің өкілдері семинарда бас қосты.
Балабақша ұжымы меймандарға көрме ұйымдастырды. Балалар өз қолымен жасаған конструкторлар мен қағаздан жасаған ойыншықтар көпшілік назарына ұсынылды. Одан кейін балаларды техникалық бағытқа ынталандыруға арналған ойын жабдықтары таныстырылды. «Ақкөгершін» бөбекжай-балабақшасы бұл жобаны бес жыл бұрын қолға алған.
ҚАРЛЫҒАШ ПОЛАТҚЫЗЫ, «АҚКӨГЕРШІН» БӨБЕКЖАЙ-БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Балабақша қазіргі таңда 240 орынға арналған. Екі қабатты типтік үлгідегі ғимарат. Қазіргі таңда 10 топта 227 бала тәрбиеленеді. Біздің бақшамыз әр баланың жайлы тәрбиесін қамтамасыз ететін ұя. Мұнда балалардың жан-жақты дамуы мен шығармашылығына ерекше көңіл бөлініп, барлық жағдай жасалған.
Бұл мектепке дейінгі мекеме 1986 жылы «Ягодка» балабақшасы болып ашылған. 1995 жылдары қаржы бөлінбей, жабылған. 2005 жылы қайта ашылып, содан бері жұмыс істеп келеді. Қарақұмдағы жалғыз балабақшаның жұмысына ауыл тұрғындары дән риза.
АЙЗАДА НЫСАНОВА, ҚАРАҚҰМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бес немеремді әкелдім, бұл балабақшаның жұмысына көңіліміз толады. Әр даталы күнде тағылымы мол шаралар өткізгенде біз рахаттанып демалып қайтамыз.
Семинардың атауы - «Мектеп жасына дейінгі балалардың инженерлік-техникалық әлеуеті мен конструкторлық дағдыларын дамыту». Қатысушыларға «Роботтар әлемі», «Көліктер де сөйлей біледі», «Зымыранмен ғарышқа», «Кішкентай білгіштер» секілді 8 тақырыпта тәлім сабағы таныстырылды.
ШӘМШИЯ АБЖАЛАЛОВА, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ОҚЫТУ БОЙЫНША ӘДІСКЕРІ
Мұндай тәжірибелік семинар өткізудегі мақсатымыз — мектепке дейінгі ұйым педагогтарының біліктілігін арттыру, бір-бірімен тәжірибе алмасу және өскелең ұрпаққа заман ағымына сай тәрбие мен білім беру.
Ордабасы ауданы бойынша 61 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 15-і мемлекеттік, 46-сы жекеменшік балабақша. Аймақтағы мекемелерде 8646 бала тәрбиеленуде.