Шымкентте асық ату бойынша еліміздегі ең ірі жарыс Respublica Asyq Atu турнирінің финалы өтті. Көне ұлттық спорт түрінен сайыс елімізде екінші рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды.
Асық ату сайысының ақтық сынында еліміздің барлық өңірінен келген 40 үздік сұрмерген бақ сынасты. Турнирді Қазақстан Республикасы Асық Ату федерациясы ұйымдастырды. Үздік ойыншы бас жүлде - жеңіл автокөлікке ие болады.
АЙДЫН ҰЗАҚОВ, СПОРТШЫ
Республика күні құтты болсын. Барлығына сәттілік тілеймін.
Ойын қорытындысы бойынша ақтөбелік Құлыбек Ғарышбек турнир жеңімпазы атанып, автокөлік кілті табысталды. Екінші орын иегері – Түркістан облысы, Абілхан Талгар, 1 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Үшінші орын алған батыс-қазақстандық Сламқұл Бақдаулет 500 000 теңгемен марапатталды.
СЛАМҚҰЛ БАҒДАУЛЕТ, ҮШІНШІ ОРЫН ИЕГЕРІ
Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. 40 спортшы қатысып жатыр.
Өткен жылы турнирде бас жүлдені шымкенттік спортшы иеленген. Сондықтан 2025 жылы Respublica Asyq Atu турнирі Шымкент қаласында өтіп отыр. Турнир спортшыларды, көрермендерді және құрметті қонақтарды біріктіріп, ұлттық рухтың нағыз мерекесіне айналды. Концерттік бағдарлама және ұлттық спорт түрлерінен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.