Энергетика саласының дамуы өңір экономикасының тұрақтылығы мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей ықпал етеді. Осы бағытта «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы электр желілерін жаңғыртып, жаңа қуат көздерін іске қосу бойынша бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Мекеме кезекті рет қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, атқарылған жұмыстармен таныстырды.


1973 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан «Сайрам» қосалқы станциясы бүгінде толықтай жаңғыртудан өткен. Бұл нысан Шымкент қаласының Сайрам, Қызылсу, Тұрдыабад және Абылайхан тұрғын алаптарындағы тұтынушыларды үздіксіз әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңарту жұмыстары аясында қуаттылығы 10 000 кило вольт ампер болатын жаңа трансформатор орнатылып, станцияның әлеуеті екі есе артты. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 261 миллион теңгені құрайды.


САМИДИН МОНТАЕВ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫ

Осы қосалқы станциядан бүгінгі таңда 13000-нан аса абонент электр қуатымен қамтамасыз етіледі.Кезінде бұл жерде тұрған 10000Ква трансформатордың қуаты жетпегендіктен, қуаты жоғары трансформаторға ауыстырылды. Сайрам, Тұрдыабад, Абдулабад, Достық ауылдарындағы тұтынушыларға қосымша қуат көзі пайда болды.


 Жаңа трансформаторлар мен қайта тартылған электр желілері тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға үздіксіз жарық беруді қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары компания тарапынан жүзеге асқан инвестициялық жобалар өңірдің энергетикалық тұрақтылығын айтарлықтай арттырған.


АҚТІЛЕУ БЕКМҰРАТОВ, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Бұл іс-шараның мақсаты-ашықтықты қамтамасыз ету, атқарылған жұмыстарды көру. Жалпы, биыл инвестициялық бағдарламалардың бекітілген сомасы 12,5 млрд-тан асады.Инвестициялық бағдарламаларға қаралған іс-шаралар осы желілер мен қосалқы станцияларда тозу деңгейін түсіру.


Сондай-ақ 1962 жылы пайдалануға берілген 110 киловольттық әуе желілері қайта жаңартылды. Ұзындығы 15 шақырым болатын жүйеге жаңа сымдар мен тіректер орнатылды. Бұл желілер Төле би, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласының кей аумақтарын тұрақты энергиямен қамтиды. Жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың қараша айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Нысанды аралаған қоғам белсенділері энергетика саласында жүргізіліп жатқан жаңғырту шараларына жоғары баға беріп, жобалардың шаһар тұрғындарына берер пайдасын атап өтті.


ЖАРҚЫНБЕК СЕЙТІМБЕТҰЛЫ, ДЕМОКРАТИЯ ИНСТИТУТТАРЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Оңтүстік Жарық транзиттің инвестициялық жобалар аясында жасаған бағдарламаларын көрдік. Бізге жарықтың уақытылы, сапалы берілгені керек.Мен оны құптаймын.Бағдарламаны дұрыс істеген.Желілерін де көрдік.Тұтынушыларға қажетті нәрсе.Бұл бағытта теріс пікір айта алмаймын.Бар нәрсені бар деп айту керек.


Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жобалар өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға және апаттық жағдайлардың алдын-алуға бағытталған.