Үшінші мегаполисте жаңа жабық типтегі қосалқы станция пайдалануға берілді. Нысан «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының инвестициялық бағдарламасы аясында салынған. Аралау барысында қатысушылар энергия торабының жұмыс жүйесі мен техникалық мүмкіндіктерімен танысты.


Энергетика саласындағы бұл ауқымды жоба – қаланың әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған. Құрылысы 2023 жылы басталып, 2024 жылы толық аяқталған нысан – заманауи инфрақұрылымдық дамудың көрсеткіші. Жобаның жалпы инвестиция көлемі - 5,8 миллиард теңгені құрайды. Энергия торабының қуаты 12 800 тұтынушыны қамтуға жетеді. Оның ішінде 5 мыңнан астам жаңа тұрғын үй мен 221 абонент бар.


ЗҰЛПЫХАР ҚҰЛТАЕВ, ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯЛАРДЫҢ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ

 Бұл станция-«Дендропарк» 110/10–10 кВ жаңа жабық типтегі қосалқы станция.Станция төрті секциядан тұрады.Жергілікті және қашықтан басқару жүйесі қарастырылған. Біз Тұран, Шымсити, Ынтымақ, Қайтпас, Самал шағынаудандарын қамтимыз. 2 трансформатор бар.Бүгінгі таңда біреуі қосулы тұр.Бір трансформатордың қуаты жетеді.


 Шаһарда қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағынаудандар енді тұрақты энергиямен қамтамасыз етіледі. Станция заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, жоғары тиімді құрылғылармен жарақтандырылған. «Оңтүстік жарық транзит» мекемесі ескі желілерді қайта жаңғыртып, жаңа жобаларды жүзеге асырмақ.


 МАНАС ТЫНЫШБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

90 км-ге жуық ескі электр желілері жаңартылатын болады.Қосалқы станцияларға қайта құру жұмыстары жүргізілетін болады.Қазіргі таңда желілердің тозу деңгейі 57 пайыз болса, көрсеткішті 52,8 төмендетуді көздеп отырмыз.


Қоғам белсенділері нысанды аралап, жүргізілген жаңғырту жұмыстарын жоғары бағалады.Мұндай жобалардың өңірдік әлеуметтік дамуына тың серпін беретінін атап өтті.


ӨТЕГЕН ЖАНЫСБЕК, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ

 Бүгінгі таңда басты мәселе-келісімшартқа сәйкес тұрақты түрде электр энергиясын жеткізіп тұру. Қазір компьютердің заманы, барлық жұмысқа электр энергиясы қажет.Ол болмаса жұмыс та тоқтап қалады.Бүгінгі аралау барысында бәрін көріп шықтық.  Қазіргі жұмысқа көңіліміз толды.Тиісті жұмсалған қаражатқа байланысты жұмыстар толық атқарылған.


Қосалқы станция қаланың инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынбақ. Яғни, электрмен жабдықтаудағы іркілістер азайып, тұрмыстық және өндірістік қуат көздеріне қолжетімділік едәуір жақсарады.