Шымкентте жастар арасында есірткі және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу мақсатында арнайы жарыс ұйымдастырылған болатын. Белсенді жастар арасында бейнероликтер мен суреттер байқауы өз мәресіне жетті. «Жастар ресурстық орталығында» өткен шара барысында жеңімпаздар марапатталып, қатысушылардың шығармашылық жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.
Шара ұлттық аспаптармен орындалған күй мен дәстүрлі әндермен ашылып, мерекелік би мен музыкалық нөмірлермен жалғасты. Жүргізушілер жастарды өз уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық пен пайдалы істерге бағытталуға шақырып, іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Байқауды Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Серғали-Түркістан» аймақтық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Бұл байқау жастардың салауатты өмір салтын насихаттап, қоғамдағы белсенділігін арттыруды көздейді. Қатысушыларға бағаны да саланың білікті мамандары берген.
АҚБОТА ОСПАН, ІШКІ САЯСАТ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Арнайы комиссия мүшесі құрылды, бес адамнан тұратын. Сурет бойынша өнер ордаларының ұстаздары баға берді. Полиция қызметінен қатысты. Қоғамдық бірлестік өкілдері болды. Ал мобилографтар бойынша телеканал операторлары мен фотографтарды тағайындаған болатынбыз».
Биылғы байқауға қызығушылық жоғары болыпты. 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткен суреттер байқауына барлығы 122 жұмыс келіп түскен. Қазылар алқасының шешімімен I орынды Темірхан Бақытжан, II орынды Мирахимова Олеся, III орынды Өмір Аяжан иеленді. Сонымен қатар үш қатысушы ынталандыру сыйлығына ие болды. Байқауға белсене қатысқан 23 жас суретшіге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
ТЕМІРХАН БАҚЫТЖАН, СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
«Ойын мен ішкілікке кіріп кеткен еркектің күйзелісін көрсеттім. Келіншегі мен баласының шетте қалып қойғанын, қандай жағдайда болса да ананың қолдауын жеткізгім келді. Өзімнің де көңілімнен шықты ол сурет».
Мобилографтар арасындағы бейнероликтер байқауына 25 жұмыс ұсынылды. Нәтижесінде I орын мен 500 000 теңгелік сыйлықты Серік Жанғалиев, II орынды Мейірхан Абдуталипов (300 000 теңге), III орынды Риана Гавшева (200 000 теңге) иеленді. Марапаттау рәсімі кезінде жеңімпаздардың бейнероликтері экраннан көрсетіліп, қатысушылар мен көрермендер жоғары бағасын берді.