Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шымкент Сити» шағынауданындағы қазандықтың жылыту маусымына дайындығын тексерді. Алты су жылыту қазандығымен жабдықталған нысан 2019 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпорын 41 көпқабатты тұрғын үй мен бір әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Жауапты мамандарға жылу беруді үздіксіз ұйымдастырып, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету кестесін қатаң сақтауды тапсырды.
Әрі қарай қосымша мектеп корпустарының құрылыс барысын бақылады. Қазір «Жайлау» шағынауданындағы №16 орта мектеп жанынан 575 орындық ғимараттың және Ө. Жәнібеков атындағы №19 мектеп жанынан 375 орындық ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Екі нысан да келер жылға өтпелі. Тиісті тұлғаларға құрылыс жұмысын уақтылы әрі сапалы аяқтауды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Жұлдыз» индустриялық аймағын жалғайтын теміржол желісінің құрылыс нәтижелерімен танысты. Бұл желінің іске қосылуы резиденттердің шикізаты мен дайын өнімін тиімді тасымалдауға мүмкіндік беріп, логистикалық инфрақұрылым мен аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Аралау соңында «Сайрам» тұрғын алабы, Ю. Сареми көшесіндегі жол құрылысының барысын тексердім. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барлық талап пен сапа стандарттарының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды.