Мақта маусымы аяқталуға жақын. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 142,3 мың гектар жерден мақта жиналған. Бұл - жалпы егіс алқабының 98,5 пайызын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 24,9 центнерден болып, барлығы 422 мың тонна шитті мақта жиналды. Биыл мақта егуге 144,5 мың гектар жер бөлінген, оның 50 мың гектары тамшылатып суару жүйесімен қамтылған.
Өткен жылмен салыстырғанда дәстүрлі тәсілмен егілетін алқаптар 9 мың гектарға қысқарды. Тамшылатып суару жүйесіне көшу - су ресурстарын тиімді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған еліміздің оңтүстік өңірлері үшін аса маңызды. Мақта саласын дамытуға арналған кешенді мемлекеттік қолдау егістен бастап қайта өңдеуге дейінгі бүкіл өндірістік циклды қамтиды. Тұқым, минералды тыңайтқыштар және суару шығындарына субсидиялар қарастырылған. Биыл өңдеушілер әр тонна мақта үшін 200 мың теңгеден алдын ала төлеп, сапасына қарай соңғы бағасын 250 мың теңгеге дейін белгілейді. Қазақстанда жыл сайын 300 мың тоннадан астам шитті мақта өндіріледі. Оның негізінде 70–75 мың тонна мақта талшығы шығарылады. Өнімнің шамамен 85 пайызы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және басқа елдерге экспортталады, ал 15 пайызы өз елімізде өңделеді. Негізгі бағыттардың бірі - «Түркістан облысында мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» жобасы. Инвестициялық жобаның жалпы құны -146,8 млрд теңгені құрап отыр.