ҚР Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің тұрақты кәсіби дамуына және менталдық саулығына қамқорлық жасауға бағытталған маңызды бастаманы іске қосты. Түркістан және Ақтөбе облыстарының өңірлік филиалдарында алғаш рет педагогтерге арналған психологиялық қолдау кабинеті ашылды.


Пилоттық жоба мұғалімдердің менталдық денсаулығын қолдауға, кәсіби күйзелістің алдын алуға және стрессті басқаруға мүмкіндік береді. Кабинетте кәсіби психолог жеке және топтық кеңес өткізеді, релаксация мен арт-терапия сабақтарын ұйымдастырады, түрлі тренингтер мен психологиялық диагностика жүргізеді. Бұл қызметтерді педагогтер «Өрлеу» орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өту кезінде пайдалана алады. Жұмыс барысында этикалық нормалар, еріктілік және құпиялылық қағидаттары қатаң сақталады. Алдағы уақытта осындай кабинеттер еліміздің басқа өңірлерінде де ашылмақ.