Жуырда Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионаты өтті. Сол байрақты бәсекеде әйелдер арасында Қазақстанның спортшысы Шұғыла Өмірбек әлем чемпионы атанған болатын. Жеңімпазды түркістандықтар әуежайдан салтанатпен күтіп алды.


Чемпионды қарсы алуға арнайы келген Түркістан қаласының әкімі көпшілікті құттықтады. Бұл – тек Шұғыланың жеңісі емес, бүкіл еліміздің және Түркістан өңірінің зор жетістігі екенін атап өтті.


ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

«Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Жерлесіміз әлемді бағындырып, Еуропа мен әлемнің үздіктерін жеңіп, алтыннан алқа тағып отыр. Бұл тарихи сәт — Қазақстан әйелдер құрамасындағы тұңғыш әлем чемпионы біздің жерлесіміз, Түркістанның топырағынан шыққан қызымыз».


55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен түркістандық балуан қыз финалда Түркия спортшысы Туба Демирмен кездескен. Тартысты белдесуде түркістандық палуан 12:8 есебімен түрік спортшысын жеңді. Салтанатты шарада сөз алған Шұғыла Өмірбек көпшілікке алғысын білдірді.


ШҰҒЫЛА ӨМІРБЕК, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

«Түн ұйқыларыңызды төрт бөліп, маған сеніп келгендеріңізге алғысым шексіз. Жеке бапкеріме, ата-анама, Спорт министрлігіне, қала әкімдігіне және барша қолдаушыларға үлкен рақмет».


 Айта кетейік, Түркістан облысында күрес түрлері, оның ішінде әйелдер күресі қарқынды дамып келеді. Облыстың бұрымды балуандары Азия чемпионаттарында 17 медаль еншілесе, әлем чемпионаттарында 5 медаль олжалаған.