Шымкентте азық-түлік қауіпсіздігі, соның ішінде ет өнімдерінің сапасы мен ветеринариялық бақылау жүйесі қатаң қадағаланып отыр. Мұндағы мақсат – халықтың денсаулығын қорғау және тұтынушыларға қауіпсіз өнім жеткізу.


Шымшаһарда ет өнімдерінің қауіпсіздігі – басты назарда. Ірі қара мен ұсақ түлік сойылар алдында міндетті түрде ветеринариялық тексеруден өтеді. Арнайы зертханаларда жануар етіне кешенді сараптама жүргізіліп, құрамындағы зиянды бактериялар мен жұқпалы ауру белгілері мұқият зерделенеді.


АЙДАР ПӘРДЕБЕКҰЛЫ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ШҚ БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫ

Қазіргі таңда 12 ішкі сауда объектісі бар, оған 9 мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор жүктелген. Ішкі сауда объектілерінде ет өнімдерінің қалай тасымалданып жатқаны, қандай өнім екендігі және оның анықтамасы да бақылауда. Тиісті талаптарды орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал тоғыз айдың қорытындысы бойынша 125 жеке және заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған.


Мамандардың айтуынша, ет өнімдері алдымен визуалды тексеруден өтеді. Кейін сынамалар алынып, арнайы зертханалық құрылғыларда талдау жасалады. Егер қандай да бір кінәрат табылса, өнім сатылымнан алынып тасталады.


ЕРЛАН АМАНБЕКОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ШҚ БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің негізгі кепілі – оның құжаттары. Ол жерде ветеринариялық анықтама мен сертификаттың болуы маңызды. Ветеринариялық заңда да бұл нақты көрсетілген. Мал сою бекетінде сойылғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық зертхананың сараптама актісінің болуы қауіпсіздікке кепілдік береді.


Ал зертханаларда еттің сапасы тәулік бойы бақылауда. Мұнда мамандар өнімнің түсі мен иісінен бастап, құрамындағы микроэлементтерге дейін сараптайды.


 ҚАЙРАТ ҚАПАЛБАЕВ, ЗЕРТХАНА ЖЕТЕКШІСІ

Зертханада жұқпалы ауру тіркелген жоқ. Қазіргі таңда мал емделіп, тұрақты түрде қадағаланып тұрады. Егер қандай да бір кінәрат болса, инспекция ары қарай жұмысты өздері жалғастырады. Бізден жұқпалы ауру анықталған жоқ.


Азық-түлік қауіпсіздігі тек бақылау шараларымен шектелмейді. Қала аумағына әкелінетін әрбір ет өнімі арнайы сертификатпен расталады. Қатаң тексерістен өткен соң ғана сауда орындарына жеткізіледі.