Шымкент қаласында грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған 31-ші мерейтойлық республикалық ашық турнир өтуде. 27–29 қазан аралығына жоспарланған бәсекеде Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Чехия мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық балуан бақ сынасуда. Дүбірлі доданы тілші әңгімелейді.


Бұл турнирдің жыл санап мәртебесі артып келеді. Жарыс жеңімпаздары халықаралық алаңдарда топ жарып жүр. ХХХI мерейтойлық халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов арнайы келді. Ол спортшыларға сәттілік тілеп, аталған турнирдің жастарға мол тәжірибе беретінін атап өтті.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

«Осындай жарыстар көбейе берсін. Бүгін әділ әрі қызықты сайыс болсын. Мықтылар жеңсін. Осы турнирге қатысушылар саны көбейсін».


Іс-шарада Шымкент қаласы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Сапарбаев биылғы әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиға, U-23 әлем чемпионатының жеңімпазы Шұғыла Өмірбекке және қола жүлдегер Омар Сатаевқа құрмет көрсетіп, қаржылай сыйақылар табыс етті. Айта кетсек, дәстүрлі жарыс ертең мәресіне жетеді. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медальдармен, дипломдармен және 300 000 / 200 000 / 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақылармен марапатталады.


ЕРМЕК БАЙДУАШОВ, №15 ЖЕКПЕ-ЖЕК СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

«Қазір жастардың айналысатын нәрсесі көп. Жастарды спортқа баулу өте қиын. Осындай іс-шаралар спортқа мотивация болады. Айдос Сұлтанғали сияқты, өткенде Елдос келіп кетті — сондай мықты палуандарымыз, демеушілеріміз, спорт федерациялары соларға қолдау көрсетсе, ол біздің жастарға үлкен мотивация болады».


Академик Мардан Баймырзаұлы еліміздің өркендеуіне, спорттың дамуына айрықша үлес қосқан тұлға. Ол қаншама спорт саңлақтары мен шәкірттер тәрбиелеп, өшпес із қалдырды. Еске алуға арналған турнирдің де жылдан жылға аясы кеңейіп келеді. Биылғы турнирге Чехиядан да спортшылар қатысып отыр.