Үшінші мегаполисте әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қала аумағында ерекше күтімді қажет ететін балалар мен зейнеткерлерге арналған бірқатар орталықтар қайта жөндеуден өтіп, жаңа мекемелердің құрылысы басталған. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз жиынында қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы мәлімдеді.


Шаһарда әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Балаларға арналған арнаулы орталықтарда күрделі жөндеу жүргізіліп, мекемелер заманауи стандарттарға сай жабдықталуда. Мәселен, №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы толықтай жаңартылып, заманауи үлгіде қайта жабдықталды. Мұнда психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға медициналық, педагогикалық және психологиялық көмек көрсетіледі. Ал «Аялы алақан» орталығында ерекше балалардың дамуы үшін қолайлы орта қалыптастырылған. Жаңадан салынған ойын алаңшасы мен көгалдандырылған аумақ балалардың еркін тыныстап, белсенді уақыт өткізуіне мүмкіндік береді.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

«№5 “Аялы алақан” арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-сі 116 орынға арналған. Орталықтың негізгі мақсаты – 18 жасқа дейінгі ерекше балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету.


 Қазіргі таңда Бозарық шағынауданында мүгедектігі бар жандарға арналған ірі оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанда емдік жаттығу бөлмелері мен арнайы бейімдеу залдары қарастырылған. Ал №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде қосымша ғимараттың құрылысы басталды. Бұл шаралар ерекше жандарға көрсетілетін қызмет сапасын айтарлықтай арттыруға жол ашады.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

Шымкент қаласының Бозарық шағынауданында 5 гектар жерге 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы жобаның құны 13 миллиард 871 миллион теңгені құрайды. Нысан құрылысы «Әлеуметтік қамсыздандыру объектілерін салу және реконструкциялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Жобаны қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен және республикалық трансферттер арқылы қамтамасыз етілген. 2024 жылға нысан құрылысына 5 миллиард 375 миллион теңге бөлініп, оның 291,7 миллионы игерілген. Құрылыс алаңында бүгінде 75 жұмысшы еңбек етуде, оның ішінде 15 техника жұмылдырылған.


Қарттарға арналған «Ізетті зейнеткер» орталығы да жаңа ғимаратқа көшіп, қызмет аясын кеңейтті. Мұнда зейнеткерлердің тынығуына, медициналық және физиотерапиялық ем алуына барлық жағдай жасалған. Қала әкімдігі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отыр.