Түркістан қаласында дәстүрлі Turkistan Marathon 2025 өтті. Биылғы жарысқа 3 000-нан астам әуесқой және кәсіби спортшы қатысып, қасиетті қаланың көшелерімен жүгіріп өтті. Марафон шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты - 365 шетелдік спортшы әлемнің түрлі елдерінен келіп бақ сынады.
Қатысушылардың басым бөлігі Қазақстан қалаларынан келді. Ең көп өкілдік еткен шетелдіктер қатарында Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей бар. Сонымен қатар марафонға Азия және Тынық мұхиты аймағынан, Еуропадан, Солтүстік және Латын Америкасынан, Африка мен Таяу Шығыстан да спортшылар арнайы қатысты.
СЕРЖАН НҰРЖАН, МАРАФОНҒА ҚАТЫСУШЫ
«Үш шақырымды 10:30-да жүгіріп келдім. Уақыт өзіме ұнайды. Соңғы шақырымда жылдамдық қостым. Осы топқа 2021 жылдан бері қатысып келемін. Мәскеуде бірінші орын алдым, Алматыда екі рет бірінші, екі рет екінші орын иелендім — солай жалғасып келеді. Осындай жарыс ұйымдастырғандары үшін ұйымдастырушыларға рахмет».
Марафонда қатысушылар 42,2 км, 21,1 км, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және 3 км балалар қашықтығы бойынша бақ сынады. Жарыс нәтижелері World Athletics және AIMS сертификаттары арқылы халықаралық деңгейде мойындалады.
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Киелі Түркістан төрінде бастау алған “Turkistan Marathon – 2025” жарысына қош келдіңіздер! Бұл – тек тәннің емес, рух пен жігердің сынағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ұлт саулығын нығайту мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударады. Марафон – салауатты өмір салты мен бірліктің мерекесі. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген спортшылар Түркістанда бас қосып отыр. Мұндай халықаралық деңгейдегі шаралар өңірдің туристік және спорттық әлеуетін арттырады».
Айта кетейік, биыл Turkistan Marathon алғаш рет Turkic Alliance of Long Runs (TAN) құрамына енді. Бұл – түркі мемлекеттерінің ұзақ қашықтықтағы жүгіру сериясы. Альянстың 35 марафоншысы Түркістандағы жарысқа қатысып, түркі әлеміндегі жүгіру сапарын жалғастыруда. TAN аясындағы бес кезеңге қатысқан спортшылар арнайы марапат пен естелік медальға ие болады.